Kонкурдан FEI Әлем кубогының Еуразия лигасы финалы басталды

Астанадағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде конкурдан Еуразия лигасының Әлем кубогы (FEI World Cup) финалының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елорда былтыр да аталған халықаралық жарысты қабылдаған болатын. Алайда 2025 жылы Әлем кубогының алғашқы кезеңі ұйымдастырылса, биыл финалдық кезең өтіп жатыр. Сонымен қатар биылғы бәсекенің басты ерекшелігі – жарыстың жабық манежде өткізілуі.
Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен ұйымдастырылған додаға Қазақстан, Ресей, Грузия, Қырғызстан және Өзбекстаннан 22 шабандоз бен 31 ат тіркелген.
Шараның салтанатты ашылуына Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) бірінші вице-президенті Марк Самуэль (Канада), Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов, Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек, ҚР Ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев қатысты.
«Бүгін елордамызда әлемдік деңгейдегі айтулы дода – конкурдан FEI Әлем Кубогы Еуразиялық лигасының финалын ашып отырмыз. Бұл Еуразия кеңістігіндегі ең беделді бәсекелердің бірі. Биыл еліміз Әлем кубогының үш кезеңін жоғары деңгейде өткізіп, міне, бүгін сол маусымның шешуші мәресін қабылдап отыр. Бүгінгі жарысқа Еуразия аймағындағы ең мықты деген шабандоздар жиналды. Жалпы рейтингте үздік шыққан спортшылармен қатар, арнайы квотамен шақырылған қатысушылар бақ сынайды», — деді ҚР Ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев.
19 қарашада басталған жарыста алғашқы жеңімпаздар да анықталып үлгерді. Әзірге Өзбекстан мен Ресей шабандоздары жекелеген сайыстарда топ жарса, Қазақстан атынан сынға түскен Раиса Соколенко мен Олег Соколенко үздік бестіктің қатарына енді.
Айта кетейік, 22 қарашаға дейін жалғасатын халықаралық жарыстың қорытындысы бойынша Швецияда өтетін Әлем кубогының Үлкен финалына үш жолдама сарапқа салынады.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 12 500 АҚШ долларын құрайды.



