Басты жаңалық

Еуропалық кеңес басшысы Антониу Кошта Ақордада

Бүгін Астанаға ресми сапармен келген Еуропалық кеңес президенті Антониу Коштаны Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.

Кездесу барысында еліміздің басшысы гуманитарлық байланыстарды кеңейту, визалық режимді жеңілдету және азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы С5+ЕО форматындағы белсенді диалогты толық қолдайды. Бұл платформа аймақтың орнықты дамуын, инфрақұрылымдық байланыстарды жақсартуды және экономикалық ынтымақтастықты ілгерілетуге үлкен мүмкіндік берді.

Қазақстан – Еуропа Одағымен осындай тарихи келісім жасаған өңірдегі тұңғыш мемлекет.

Мемлекет басшысы С5+ форматы қысқа уақыт ішінде аймақтық басымдықтарды жүзеге асырудың тиімді механизміне айналғанын атап өтті. Қазақстан осы бағытта Еуроодақпен ашық диалог пен тең құқықты серіктестік принциптерін ұстанатынын жеткізді.

Антониу Кошта Қазақстан мен Еуропа арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты түрде күшейіп келе жатқанын атап, Еуроодақтың елмен жан-жақты серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.

«Соңғы 10 жылда Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне және шетелдік инвесторына айналды. Ал Қазақстан – Еуропаға мұнай мен уран жеткізуші елдердің алғашқы үштігіне кіретін, экономикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын мемлекет. Бүгін біз қарым-қатынасымызды нығайтудың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз», — деді Еуропалық кеңес президенті.

Антониу Коштаның бұл сапары екіжақты қатынастардың стратегиялық деңгейін көрсетіп қана қоймай, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ұзақ мерзімді, орнықты әріптестіктің жаңа кезеңіне бастау болмақ.



Басқа жаңалықтар

Back to top button