Темірлан Анарбеков — Лига чемпиондарындағы алғашқы қазақстандық MVP атанды
Алматылық «Қайраттың» қақпашысы тарихи көрсеткіш жаңартты

Алматылық «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков УЕФА Чемпиондар лигасында жаңа тарихи жетістікке қол жеткізді. Астанада өткен «Қайрат» — «Олимпиакос» (0:1) кездесуінің қорытындысы бойынша УЕФА оны матчтың үздік ойыншысы (MVP) деп таныды. Қақпашы 9.2 деген жоғары баға алып, ресми мәліметке сәйкес сегіз сейв жасады. ЛЧ рейтингі бойынша үздіктерді көш бастап, Темірлан Анарбеков әлемге әйгілі Реал Мадрид ойыншысы Киллиан Мбаппеден де бір саты алда тұр. Голға алып келген бір ғана қателік болғанына қарамастан, Анарбековтің ойыны жанкүйерлер мен мамандарды тәнті етті.
Бұл нәтижемен Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасындағы матчта MVP атанған алғашқы қазақстандық футболшы болып тарихқа енді.
Мамандар Анарбековтың ойын деңгейін жоғары бағалап, оның жақын уақытта Еуропаның мықты клубтарының біріне ауысуы мүмкін екенін жазуда. Әсіресе, қақпашыға қызығушылық танытып отырған командалардың ішінде итальяндық «Интердің» аты жиі аталуда.
«Қайраттың» жергілікті ойыншылары да жаңа тарих жазуда
Матчта Дастан Сатпаевтың жоқтығына қарамастан, «Қайрат» негізгі құрамға бес қазақстандық ойыншыны шығарды. Бұл — клубтың өз академиясына және жергілікті футболшыларға сенімінің нақты көрінісі.
Ал өткен турда «Копенгагенге» қарсы сырт алаңдағы ойында Дастан Сатпаев пен Олжас Байбек Қазақстан тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде гол соққан отандастар еді.
Қазақстан футболы үшін бұл өте маңызды кезең:
Анарбековтың MVP атағы, Сатпаев пен Байбектің тарихи голдары — қазақстандық футбол үшін үлкен белес. Бұл нәтижелер ел футболының Еуропа аренасында бәсекеге қабілетті бола бастағанын көрсетеді.



