Астанада пара велоспорттан Қазақстан Республикасының ашық кубогы өтті

Астанадағы «Сарыарқа» велотрек спорт кешенінде пара велоспорттан Қазақстан Республикасының ашық кубогы өз мәресіне жетті. Ел көлеміндегі маңызды спорттық дода 15–16 желтоқсан күндері ұйымдастырылды.
Жарысқа тірек-қимыл аппараты мен зияткерлік даму ерекшелігі бар спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Турнирге Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Алматы облыстары мен Астана қаласынан келген спортшылар бақ сынады. Қатысушылар 200 метр, 1000 метр және 3000 метр қашықтықтарда жекелей жарыс түрлері бойынша сынға түсті.
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Астана командасы көш бастады. Елордалық спортшылар 4 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль иеленіп, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Қостанай құрамасына бұйырды (2 алтын, 1 күміс), ал үшінші орынды Алматы облысының командасы қанағат тұтты (3 қола медаль).
Ашық кубок пара велоспортты дамытуға, ерекше қажеттілігі бар спортшылардың әлеуетін арттыруға және инклюзивті спортты кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды жарыстардың бірі болды.



