Астанадағы қысқы қызық: «Бұрқасын‑2026» фестивалі басталады
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша биыл «Бұрқасын-2026» қысқы фестивалі өтеді. 25 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан іс-шара 14 ақпанда Есіл өзенінің жағалауындағы Орталық саябақтағы Кенесары хан ескерткішінің маңында өтеді
Фестиваль белсенді демалысқа, спорттық жарыстар мен ерекше эмоцияларға толы үлкен алаңға айналмақ. Іс-шараның басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, қысқы спорт түрлерін насихаттау және салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың басын қосу.
Бағдарлама аясында спорттың 13 түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылады. Атап айтқанда: шаңғы жарысы, гір спорты, қол күрестіру, пимамен хоккей, белбеу күресі, мотокросс, автоспорт, арқан тарту, қысқы шағын футбол, қар лақтыру сайысы, қысқы волейбол, мас-рестлинг және көңілді тюбинг жарыстары.
Фестивальге қатысушылар өз мүмкіндіктерін байқап, бағалы сыйлықтар үшін бақ сынай алады.
Қатысушыларды тіркеу 08:30-10:00 аралығында жүргізіледі, жарыстар сағат 10:00-де басталады.
Қатысу – тегін.



