Жылы аялдамалар онлайн режимде бақылауға алынды

«Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру және цифрлық бақылау құралдарын енгізу аясында Астанада жылы аялдамаларды қасақана бүлдіру деректеріне қарсы қосымша шаралар қолға алынды. Соңғы уақытта аялдама павильондарының әйнегін сындыру, есіктері мен өзге де нысандарын зақымдау фактілері жиілеген.
Осыған байланысты қала әкімдігі мен полиция департаменті бейнебақылау жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, нақты уақыт режимінде бақылауды күшейтуде. Жылы аялдамаларға орнатылған камералар кезең-кезеңімен Астана қаласы полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылып жатыр. Бұл полиция қызметкерлеріне онлайн режимде мониторинг жүргізіп, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жүйеге негізінен Сарайшық және Алматы аудандарындағы 20 аялдама павильоны қосылған. Барлық жылы аялдамаларды бірыңғай жүйеге біріктіру жұмыстары ақпан айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Аталған жоба қоғамдық қауіпсіздікті арттырып, қалалық мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге және вандализмге қарсы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.



