Қоғам

Ораза кезінде адам ағзасында не болады: нутрициолог, психолог және имам түсіндіреді

Рамазан — адамның тек тамақтану режимі ғана емес, бүкіл өмір салты, эмоциялық күйі мен ішкі дүниесі өзгеретін ерекше кезең. Оразаның алғашқы күндерінде әлсіздік, ашуланшақтық немесе шаршау сезілуі қалыпты жағдай. Мамандардың айтуынша, бұл — ағзаның жаңа тәртіпке бейімделуінің белгісі. Біз нутрициолог, психолог және дін маманымен сөйлесіп, оразаның адамға қалай әсер ететінін анықтадық.

Психолог: «Ораза — өзін танудың мүмкіндігі»

Психолог Индира Әшімхан оразаның психологиялық әсері адамның ниетіне байланысты екенін айтады.

«Адам тамақ пен кейбір әдеттерден саналы түрде бас тартса, ішкі тәртіпке, сабырлылыққа және рухани тереңдікке келеді. Рамазан айында адамдар мейірімділік пен кешірімділікке көбірек көңіл бөледі, бұл жан тыныштығын сезінуге көмектеседі», — дейді маман.

Алғашқы күндері ашуланшақтық болуы – қалыпты құбылыс.

«Бұл қалыпты машықтардан шығумен байланысты стресс. Кофеиннен бас тарту, ұйқы режимінің өзгеруі және қандағы қант деңгейінің төмендеуі әсер етеді», — дейді психолог.

Оның айтуынша, ораза ерік-жігерді шыңдап, эмоцияларды басқаруға үйретеді.

«Ораза импульсивті әрекеттерді азайтып, стресске төзімділікті арттырады».

Нутрициолог: «Ағзада жасушалардың жаңару процесі жүреді»

Нутрициолог Талшын Артыққызы ораза кезінде ағзада аутофагия процесі басталатынын айтады.

«Бұл – жасушалардың өзін-өзі жаңарту механизмі. Соның нәтижесінде ми жұмысы, есте сақтау, зейін тұрақтылығы жақсарып, ағза токсиндерден тазарады», — дейді ол.

Алғашқы үш күн – бейімделу кезеңі.

«Әлсіздік көбіне қаназдық, иммунитеттің төмендігі немесе созылмалы шаршауы бар адамдарда байқалады. Бірақ бірнеше күннен кейін ағза жаңа режимге үйренеді», — дейді маман.

Ол оразаны жеңіл өткізу үшін дұрыс тамақтануға мән беру қажет екенін атап өтті.

«Ауыз бекітерде май, ақуыз және клетчаткаға бай, жеңіл әрі құнарлы тағамдар жеу керек».

Имам: «Рамазан – рухани тәрбие мектебі»

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы Рамазанның басты мәні – рухани өзгеріс екенін айтады.

«Рамазан – рухани мектеп. Бұл ай адамға мінезін түзеп, сабыр мен қанағатшылдықты қалыптастыруға мүмкіндік береді», — дейді ол.

Оның сөзінше, ораза адамға мейірімді болуды үйретеді.

«Аштықты сезіну арқылы мұқтаж жандардың жағдайын түсінеміз».

Маманның айтуынша, оразаның негізгі мақсаты – өзін-өзі бақылау.

«Адам өз қалауларынан саналы түрде бас тартқанда, ерік-жігерін күшейтіп, рухани тазарады».

Мамандардың пікірінше, ораза тек тамақтан бас тарту емес. Бұл ағзаның жаңаруы, психологиялық тәртіптің қалыптасуы және рухани өсудің кезеңі.

Бастапқы қиындықтарға қарамастан, уақыт өте келе адам өзін сабырлы, жинақы және саналы сезіне бастайды. Рамазанның басты құндылығы да осында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button