Қазақстан құрамасы әртістік жүзуден Әлем кубогы кезеңінде екінші орын алды

Қазақстан құрамасы әртістік жүзуден Әлем кубогының кезеңін алты медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Дүбірлі дода Медельин қаласында өтті.
Ұлттық құрама екі алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды.
Ерлер арасындағы еркін бағдарламада Эдуард Ким чемпион атанды. Ал әйелдер командалары арасындағы еркін бағдарламада да қазақстандық спортшылар тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.
Техникалық бағдарламада ерлер арасында Виктор Друзин қола жүлдеге ие болды.
Сонымен қатар топтық акробатикалық бағдарламада ұлттық құрама күміс медаль жеңіп алды.
Дуэттер арасындағы техникалық бағдарламада Ясмина Исламова мен Алдияр Рамазанов қола медаль еншіледі. Ал еркін бағдарламада Наргиза Болатова мен Виктор Друзин үшінші орынға тұрақтады.
Осы нәтижелердің арқасында Қазақстан құрамасы кезең қорытындысында екінші орынға көтеріліп, халықаралық аренадағы жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.



