«91–23. Тәуелсіз Қазақстанның танымал музыкасы туралы» кітабы қайта сатылымға шықты

91–23. О популярной музыке независимого Казахстана кітабы дүкен сөрелеріне қайта оралды. Бұл туралы Наргиз Шукенова хабарлады.
Оның айтуынша, кітаптың қайта шығуына дейін екі инстанцияда 8 айға созылған сот процесі өткен. Жоба командасы композитор Еркеш Шакеев жолдаған наразылық хатынан кейін, зерттеуді қорғау және сатылымға қайтару үшін талапкерге қатысты кейбір бөлімдерді алып тастауға шешім қабылдаған. Жаңа нұсқа «сот шешімдеріне қарамастан енгізілген мәжбүрлі цензуралық өзгеріс туралы» арнайы белгімен жарық көрді.
Еске салайық, 2025 жылдың наурызында кітап композитордың жеке мүліктік емес құқықтары бұзылды деген шағымына байланысты сатылымнан алынған еді. Ол туындыны контрафакт деп тануды, 27 млн теңге моральдық өтемақы және 111,92 млн теңге авторлық құқықты бұзғаны үшін өтемақы өндіруді сұраған.
Алайда 13 тамызда Алматы қаласының Бостандық аудандық соты талап-арызды қанағаттандырудан бас тартты. Апелляциялық сот та бұл шешімді күшінде қалдырды. Сот кітапта ән атаулары авторын немесе мәтінін, нотасын, фонограммасын көрсетпей тек атау ретінде берілуі оны контрафакт етпейтінін атап өтті. Сондай-ақ еңбекте негізгі назар ән авторларына емес, орындаушыларға аударылғаны ескерілді.
Айта кетейік, композитордың әндері «А-Студио», «Дуэт L», «Мюзикола», Батырхан Шүкенов, Парвиз Назаров, Рахат Турлыханов сынды орындаушылардың репертуарында бар.
Қазіргі таңда іс кассациялық сотта қаралуы күтілуде.



