Астанада Қазақстан–Қытай музыкалық кеші өтеді

3 наурыз күні сағат 19:00-де елордада «Жібек жолындағы үндестік: Достық көпірі» атты Қазақстан–Қытай мәдени кеші ұйымдастырылады. Іс-шара «Қуанышты көктем мерекесі» аясында өтеді.
Музыкалық кеш барысында театрдың халық аспаптар ансамблі мен Қытайдың «Цинхуа Цы» («Көк-ақ фарфор») оркестрі бір сахнада өнер көрсетеді. Аталған шығармашылық ұжым дәстүрлі қытай музыкасын заманауи ұлттық әуендермен ұштастырып орындайды. Оркестрдің ерекшелігі — арнайы тапсырыспен шебер құмырашылар жасаған «Цинхуа» фарфорынан дайындалған бірегей музыкалық аспаптарды пайдалануында.
Кеш бағдарламасына қазақ және қытай композиторларының шығармалары енгізілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерт екі елдің мәдени байланысын нығайтып, көрерменге Шығыс пен Ұлы даланың музыкалық үндестігін сезінуге мүмкіндік береді.
Іс-шара Астана қаласы, Қалибек Қуанышбаев көшесі, 8/1 мекенжайында өтеді. Билеттер онлайн сатылымда.



