Баланы спортқа қалай тегін беруге болады?

Көптеген ата-ана тегін секцияларға ваучер ала алмай жүргенін айтады. Алайда баланы ваучерсіз-ақ балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне (ДЮСШ) беруге болады. Мұндай мектептерде оқу толықтай тегін.
Қандай бағыттар бар?
Спорт түрлері өте көп: мәнерлеп сырғанау, хоккей, бокс, күрес, жүзу, жеңіл атлетика, садақ ату. Сонымен қатар шаңғы жарысы, шорт-трек, семсерлесу, триатлон және басқа да бағыттар бар.
Баланы қалай жаздыруға болады?
-
Google-ға «ДЮСШ + қалаңыздың атауы» деп жазыңыз немесе 2GIS арқылы «ДЮСШ» деп іздеңіз (осылайша музыка және өнер мектептерін де табуға болады).
-
Мектеп әкімшілігімен хабарласып, қай секциялар бар екенін нақтылаңыз.
-
Сізге іріктеу күні белгіленеді. Қабылдау конкурстық негізде өтеді: жаттықтырушылар баланың жасын және дене дайындығын бағалайды.
Қандай құжаттар қажет?
-
Ата-ананың өтініші
-
Мекенжай анықтамасы
-
Баланың №026 медициналық картасы
-
Туу туралы куәліктің көшірмесі
-
3×4 өлшемді фото
Құжаттар тізімі мектепке байланысты өзгеруі мүмкін, сондықтан алдын ала нақтылап алған дұрыс.
Қашан қабылдайды?
Негізгі қабылдау әдетте мамыр мен тамыз айлары аралығында өтеді. Дегенмен жыл ішінде қосымша қабылдау да болады. Мысалы, Алматыда №9 СДЮШОР ақпан айының соңында гимнастика бөліміне қосымша іріктеу жүргізеді.
Маңыздысы — баланың жасы. Мәселен, хоккейге қазір 2021 жылы туған (5 жастағы) балаларды қабылдап жатыр. Ал жеңіл атлетика мен гимнастикаға одан да кіші жастағылар алынады. Бала неғұрлым үлкен болса, кәсіби спорт мектебіне «нөлден» қабылдану соғұрлым қиындай түседі.



