Қақаған аяз: Үсік шалса не істейміз?

Астанада күн аяз, оқушылар қашықтан оқығанымен, ата-аналар жұмыста жүрген уақытта балалардың далада ұзақ ойнауы мүмкін. Осындай жағдайда үсік шалу қаупі артады. Осыған орай Астана қаласы № 2 көпбейінді қалалық балалар аураханасының травматолог-ортопед дәрігері Олжас Жүнісовпен сұхбаттасып маңызды сұрақтарға жауап алдық.
Үсік деген не?
Үсік – жай ғана терінің тоңуы емес. Ол – суықтың әсерінен дамитын зақымдану процесі. Алдымен суықта қан тамырлары тарылып, тіндерге қан баруы азаяды. Әсер ұзаққа созылса, жасуша ішінде мұз кристалдары түзіліп, микроциркуляция бұзылады. Сондықтан үсікті тек «мұз қату» деп қарастыру қате – бұл тамырлық және тіндік деңгейдегі патология.
Үсіктің дәрежелері бола ма?
Үсіктің төрт дәрежесі бар:
I дәреже.
Тек терінің беткей қабаты зақымдалады. Тері бозарып, кейін қызарады, ашып-шаншу сезімі болады. Некроз дамымайды. Әдетте 5–7 күнде толық жазылады.
II дәреже.
Серозды сұйықтыққа толы көпіршіктер пайда болады. Ауырсыну болады. Жазылуы 2–3 аптаға созылады.
III дәреже.
Терінің толық қабаты некрозға ұшырайды. Қан аралас көпіршіктер байқалады. Кейін тыртық қалады.
IV дәреже.
Зақым бұлшықетке, сіңірге, тіпті сүйекке дейін жетеді. Қараю, құрғақ гангрена дамуы мүмкін. Кей жағдайда ампутация қажет болады.
Үсіктің алғашқы белгілері қандай?
- Терінің бозаруы немесе мәрмәр түске енуі
- Ұю, сезімталдықтың төмендеуі
- Шаншу сезімі
- Ауырсынудың жоғалуы
Қауіпті белгі – ауырсынудың толық жоғалуы. Көп жағдайда адам «жақсарып келе жатырмын» деп ойлайды, бірақ бұл нерв өткізгіштігінің бұзылуын білдіруі мүмкін.
Дәрігерге қай кезде қаралу керек?
- Көпіршік пайда болса
- Тері көгерсе немесе қарая бастаса
- Сезім толық жоғалса
- Балалар мен қарт адамдарда үсік болса
- Қант диабеті бар науқастарда
- 24 сағат ішінде жағдай жақсармаса
Алғашқы көмекті қалай көрсету керек?
Ең бастысы – суық әсерін тоқтату.
- Адамды жылы, құрғақ жерге кіргізу
- Қысатын киімін шешу
- Зақымдалған аймақты 37–39°C жылы суға 20–30 минут бойы біртіндеп жылыту
- Құрғақ стерильді таңғыш салу
Егер қайта үсіп қалу қаупі болса, зақымдалған аймақты жылытуға болмайды.
Үй жағдайында жиі жіберілетін қателіктер
- Қармен ысқылау
- Отқа немесе батареяға қыздыру
- Тым ыстық су қолдану
- Көпіршіктерді жару
- «Жылыну үшін» алкоголь ішу
Алкоголь жалған жылыну сезімін береді, бірақ ағзаның жылу жоғалтуын күшейтеді.
Хирургиялық операция қай кезде жасалады?
Көбіне үшінші және төртінші дәрежеде:
- Айқын некроз болса
- Инфекция қосылса
- Компартмент-синдром дамыса
Бірден ампутация жасалмайды. Әдетте демаркация сызығы анықталғанша күту тактикасы қолданылады.
Оңалту кезеңі қалай өтеді?
Үсіктен кейінгі қалпына келу ұзаққа созылуы мүмкін.
- Жара күтімі
- Инфекция профилактикасы
- Физиотерапия
- Қозғалыс көлемін қалпына келтіру жаттығулары
Суыққа сезімталдық бірнеше ай сақталуы ықтимал.
Қалпына келу мерзімі:
- I дәреже – шамамен 1 апта
- II дәреже – 2–3 апта
- Терең зақымдар – бірнеше ай
- IV дәреже – функция толық қалпына келмеуі мүмкін
Аязда қалай дұрыс киіну керек?
- Қабаттап киіну принципі: ылғалды шығаратын ішкі қабат, жылуды сақтайтын орта қабат, жел өткізбейтін сыртқы қабат
- Киім тар болмауы тиіс
- Құрғақ шұлық кию
- Желге төзімді қолғап тағу
- Қозғалысты тоқтатпау
Қанша уақыт сыртта жүру қауіпсіз?
- −10°C – бірнеше сағат
- −20°C – уақыт айтарлықтай қысқарады
- −30°C және жел болған жағдайда 10–20 минутта үсік дамуы мүмкін
Жел факторы қауіп деңгейін күшейтеді. Кішкентай балаларда үсік шалу ересектерге қарағанда жылдамырақ жүреді.
Балалар мен қарттарда үсу процесі тез бола ма?
Балалар ауырсынуды дер кезінде айтпауы мүмкін. Қарт адамдарда микроциркуляция әлсіз болады. Қант диабеті бар науқастарда сезімталдық төмендейді.
Сондықтан:
- Бет, құлақ, мұрын, саусақтарды жиі тексеру
- Баланы ұзақ уақыт қараусыз қалдырмау
- Құрғақ, жылы киімді қадағалау
- Суықта болу уақытын шектеу
Қорытынды
Үсік – салғырт қарауға болмайтын жағдай. Ерте байқап, дұрыс көмек көрсету – асқынудың алдын алудың басты шарты. Қақаған аязда әсіресе балалар мен қарттарға ерекше назар аудару ұмытпаңыз.



