Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы төмендеп жатыр

Әлеуметтік желілерде дәрілік заттардың жаппай қымбаттағаны туралы ақпарат тарағанымен, ресми мониторинг деректері бұл мәліметті растамайды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті 2025 жылдан бастап дәрі бағасын мемлекеттік реттеудің жаңартылған тетігі іске асырылып жатқанын хабарлады. Жаңа жүйе баға қалыптастырудың ашықтығы мен бақылауын күшейтуге бағытталған.
Қазір 4994 сауда атауындағы дәріге шекті баға бекітілген. Ал 1707 рецептісіз босатылатын препарат мемлекеттік реттеуден шығарылып, нарықтық бағамен сатылып жатыр, бірақ тұрақты мониторинг сақталған.
Еліміздің 20 өңірінде жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша:
-
қыркүйекте маусыммен салыстырғанда дәрілердің 34%-ында баға орта есеппен 7,8%-ға төмендеген;
-
қазанда позициялардың 50%-ында баға орта есеппен 11,1%-ға азайған.
Ең көп арзандаған препараттар қатарында «Гепар комп. Хеель» (–41,2%), «Ревмоксикам®» (–32,5%), «Цефяпс» (–31,6%), «ВАЛМАК-Н» (–24,7%) және «Зитмак®» (–20%) бар.
Комитет шекті бағадан асырып сату фактілері анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылатынын ескертті.
Заңбұзушылықтар туралы DariKZ мобильді қосымшасы немесе комитеттің өңірлік департаменттері арқылы хабарлауға болады.
Азаматтарға тек ресми ақпарат көздеріне сүйену ұсынылады.



