«Көңілді старт» отбасылық эстафетаға қатысып ақша ұтып алыңыз

Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы Наурыз мерекесі қарсаңында атап өтілетін Шаңырақ күніне орай «Көңілді старт» атты отбасылық эстафета ұйымдастырады.
«Шаңырақ күні» – отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуды мақсат ететін маңызды мерекелердің бірі. Осыған орай өтетін спорттық эстафета берекелі шаңырақтардың басын қосып, отбасылық бірлікті насихаттайтын жарқын мерекеге айналмақ.
Жарысқа ерлі-зайыптылардан құралған отбасылық командалар қатыса алады. Эстафета екі кезеңнен – іріктеу және финалдан тұрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушы жұбайлардың кемінде біреуінің жасы 35-тен аспауы тиіс. Әр команда екі адамнан құралады. Сонымен қатар өткен жылы жүлделі орын алған отбасылық командаларға бұл жолы қатысуға рұқсат жоқ.
Жарыстың жүлде қоры да қомақты. Бірінші орын иегерлеріне 200 мың теңге, екінші орынға 150 мың теңге, үшінші орынға 100 мың теңге беріледі. Бұдан бөлек, белсенділік танытқан 12 отбасыға 20 мың теңгелік сертификаттар табысталады.
Іс-шара барысында қатысушыларды қолдауға келген жанкүйерлер де назардан тыс қалмайды. Олар үшін «Үздік ұлттық киім», «Үздік жанкүйер» және «Ең креативті қолдау» номинациялары бойынша арнайы сыйлықтар қарастырылған. Сондай-ақ ата-анасына қолдау көрсетуге келген бүлдіршіндерге де тосын сыйлар күтеді.
Отбасылық эстафета 17 наурыз күні сағат 10:00-де өтеді. Қатысуға өтінімдер 15 наурызға дейін қабылданады. Өтінімдерді jqadam@mail.ru электронды поштасына немесе +7 747 376 86 16 WhatsApp нөміріне жіберуге болады.
Қатысушылар өтініммен бірге некені тіркеу туралы куәліктің көшірмесін, сондай-ақ байланыс деректерін (телефон нөмірі, мекенжайы және әлеуметтік желідегі аккаунттары) ұсынуы қажет.



