Демалыс

Мереке қарсаңында қайда барамыз?

Астанада 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай мәдени, спорттық, әлеуметтік және қайырымдылық бағытындағы ондаған іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Мерекелік бағдарламалар театрлар мен концерт залдарында, музейлер мен кітапханаларда, спорт кешендерінде, білім беру ұйымдарында және қаланың қоғамдық кеңістіктерінде ұйымдастырылады.

5 наурыз күні Байқоңыр ауданында «Айнадағы ару» атты интерактивті инсталляциялық іс-шара өтеді. Ауданның халық көп жиналатын орындарына орнатылған әшекейлі айналар арқылы әйелдердің сұлулығы мен мерекелік көңіл күйі бейнеленеді.

Сол күні Қошқарбаев көшесі, 29/1 мекенжайындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Келін ененің топырағынан» атты байқау ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, №10 мектеп-гимназиясында Байқоңыр ауданы мемлекеттік мекемелерінде қызмет ететін әйелдер арасында волейбол турнирі өтеді.

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында ұлттық сән үлгілерінің «Moda FEST» дефилесі ұйымдастырылады.

6 наурыз күні елордада сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін концерттер, әдеби-мәдени кештер, шеберлік сабақтары, спорттық жарыстар және онлайн жобалар өткізіледі.

Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің спорт кешенінде Алматы ауданы мемлекеттік мекемелерінің қызметкер әйелдері арасында волейбол турнирі ұйымдастырылады.

Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін Балалар көркемсурет мектебінің ұйымдастыруымен «Ананың бейнесі» атты республикалық онлайн сурет байқауы өтеді.

Сондай-ақ Халықаралық әйелдер күніне орай Сарайшық ауданының зейнеткерлері арасында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында тоғызқұмалақ турнирі өткізіледі.

Байқоңыр ауданында аналарға арналған «Шынайы алғыс – жүректен шыққан сый» атты концерттік бағдарлама ұсынылады.

Sintez ізденіс-эксперименттік театрының сахнасында «Арулар асыл жандар» атты поэзиялық кеш өтеді.

Сағат 15:00-де Өнер музейінде «Анаға тағзым – аруға құрмет» атты концерт ұйымдастырылады.

Сағат 19:00-де «Наз» мемлекеттік би театры сахнасында «Аяулы ана» атты концерт өтеді.

Сол уақытта Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «О чем поют мужчины» атты концерттік бағдарлама ұсынылады.

«Сағыныш қоңырауы» атты іс-шара Мемлекеттік архив ғимаратында өтеді.

7 наурыз күні Астанада әйелдерге арналған бірқатар мерекелік іс-шара ұйымдастырылады.

Бұл күні қала аумағында тұрғындарға гүл тарату акциясы өтеді.

№108 орта мектепте (Е117 көшесі, 40а) Есіл ауданының жалпы білім беретін мектептеріндегі әйел мұғалімдер арасында волейбол турнирі ұйымдастырылады.

Сондай-ақ Нұра ауданы мектептерінің мұғалімдері арасында ұлттық ойындардан (тоғызқұмалақ, бес асық, армрестлинг, ләңгі тебу) жарыстар өтеді.

Сағат 19:00-де «Жастар» театрының сахнасында «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты театрландырылған концерттік бағдарлама қойылады.

Ал сағат 18:00-де Әзербайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында «Келіндер көтерілісі» спектаклі сахналанады.

7 наурыз күні әлеуметтік желілерде «Жанымда жүр жақсы адам…» атты виртуалды көрме жарияланады.

Сол күні «От мужчин. С уважением» атты челлендж де бастау алады.

7–8 наурыз күндері Сарайшық ауданының аумағында тұрғындарға қызғалдақ тарату акциясы ұйымдастырылады.

8 наурыз күні Сарайшық ауданында аудан әкімінің қатысуымен Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтеді.

Сол күні онлайн форматта мектеп хор ұжымдарының «Анаға арнау» атты мерекелік челленджі ұйымдастырылады.

Ал 10 наурыз күні Сарыарқа ауданы тұрғындары арасында «Үміт» дағдарыс орталығында «Көңілді старттар» атты спорттық жарыстар өткізіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button