Астаналық садақшылар әлемдік турнирде үздік атанды
Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен Tashkent International Traditional Archery Competition халықаралық турнирінде Астана қаласының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.

Дәстүрлі садақ атудан өткен халықаралық жарысқа Түркия, Малайзия, Кипр, Өзбекстан, Ресей және басқа да елдерден келген спортшылар қатысып, Qalqon Target және Anor Target нысаналары бойынша сынға түсті.
Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен елордалық спортшылар жекелей сайыстарда бірнеше жүлделі орын иеленді. Атап айтқанда, Ербол Тапенов «Қалқан» нысанасы бойынша 50 метр қашықтықта бірінші орын алды. Айкөркем Батихан «Қалқан» нысанасында екінші орынға ие болса, «Анор» нысанасы бойынша үшінші орынға тұрақтады. Ал Диас Ахметов «Қалқан» нысанасы, 50 метр сайысында үшінші орын иеленді.
Жарыс қорытындысында Қазақстан ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Екінші орынды Өзбекстан құрамасы алса, үшінші орын Қырғызстан спортшыларына бұйырды.



