Ербол Хамитов Паралимпиада финалына жолдама алды

Италияда өтіп жатқан 2026 Winter Paralympics аясында Қазақстан құрамасының спортшысы Ербол Хамитов пара шаңғы жарысынан финалға жолдама алды.
LW12 санатындағы 1500 метрлік классикалық спринт жарысында қазақстандық спортшы жоғары нәтиже көрсетіп, қашықтықты 2 минут 38 секундта еңсерді. Осы көрсеткіштің арқасында ол жарыстың финалдық кезеңіне өтті.
Ербол Хамитов ірі халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген тәжірибелі спортшылардың бірі. Милан–Кортинада өтіп жатқан Паралимпиадада да ол жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, финалға шығу арқылы Қазақстан жанкүйерлеріне зор үміт сыйлады.
Финалдық жарыс Астана уақыты бойынша сағат 17:29-да басталады.
Жанкүйерлер бәсекені Qazsport телеарнасының тікелей эфирінен тамашалай алады.
Қазақстандық жанкүйерлер Ербол Хамитовтің финалда сәтті өнер көрсетіп, ел қоржынына медаль салуына үміт артып отыр.



