Астанада республикалық референдум: 501 учаске жұмысын бастады
15 наурыз күні таңғы сағат 7:00-де Астана қаласында республикалық референдум өткізу үшін 501 дауыс беру учаскесі өз жұмысын бастады. Таңғы уақыттан бастап тұрғындардың белсенділігі байқалып, көптеген азаматтар дауыс беруге ерте келіп жатыр.
Референдум өткізу үшін қалада барлығы 501 учаске ұйымдастырылған. Оның ішінде 395-і – ашық дауыс беру учаскелері болса, 106-сы уақытша орналасқан орындарда жұмыс істейді. Сонымен қатар референдумды ұйымдастыру және өткізу мақсатында 7 аумақтық комиссия құрылған. Олардың біреуі – қалалық, ал алтауы – аудандық комиссиялар. Бұдан бөлек, 501 референдум комиссиясы жұмыс атқаруда.
Тұрғындардың ыңғайлылығы үшін арнайы іздеу сервистері іске қосылған. Бұл қызмет арқылы азаматтар өздерінің дауыс беру учаскесін оңай тауып, оның нақты мекенжайын және жету жолдарын біле алады. Аталған сервиске 2GIS қосымшасы арқылы да қол жеткізуге мүмкіндік бар.
Сонымен қатар 395 учаскеде азаматтардың тіркелген мекенжайын тексеруге арналған онлайн-сервистер қолжетімді. Ал қаладағы 30 учаскеде шағын халыққа қызмет көрсету орталықтары ұйымдастырылған. Әр ауданда 5-тен орналасқан бұл орталықтарда тіркеуі жоқ азаматтар референдум өтетін күні уақытша тіркеліп, бірден дауыс бере алады.
Елордадағы дауыс беру учаскелерінде тұрғындарға арналған ерекше атмосфера да жасалған. Көптеген учаскелерде арнайы фотозоналар мен фотокабиналар орнатылған. Дауыс беруге келген қала тұрғындары естелік суретке түсіп, маңызды күнді есте сақтай алады. Фотозоналар тақырыптық стильде безендіріліп, кейбір учаскелерде фотокабиналар арқылы бірден дайын сурет алу мүмкіндігі қарастырылған.
Референдум күні тұрғындардың қозғалысын жеңілдету үшін қосымша шаралар қабылданды. 15 наурыз күні қалада қалалық, экспресс және қала маңындағы автобустармен жүру тегін ұйымдастырылды. Бұл шешім азаматтардың дауыс беру учаскелеріне оңай жетуіне жағдай жасау мақсатында енгізілген.
Сонымен қатар дауыс беруге алғаш келген азаматтар мен алғаш рет дауыс беріп жатқан жастар үшін арнайы естелік сыйлықтар дайындалған. Жалпы елорда бойынша шамамен 4 500 символикалық сыйлық әзірленген. Мұндай бастама тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымын қолдауға және маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға қатысуын ынталандыруға бағытталған.
Еске сала кетейік, Астана тұрғындары өздерінің дауыс беру учаскесін бірнеше тәсіл арқылы біле алады. Атап айтқанда, арнайы веб-сервис, Telegram-бот және бірыңғай байланыс орталығы арқылы ақпарат алуға болады. Бұл қызметтер тұрғындарға референдумға қатысуды барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.



