Астанада қандай медициналық нысандар ашылады

Астанада бүгінде 1,7 миллионнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетіледі. Осыған байланысты елордада денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту, кадрлық әлеуетті күшейту және цифрлық шешімдерді енгізу бағытында бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылуда.
Қалада төрт жаңа емхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Нұрлы жол» вокзалы маңында жеке меншік жаңа емхана ашылды. Екі ауруханада ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді, олардың бірі – көп жылдар бойы тұрғындарға қызмет көрсетіп келе жатқан №3 қалалық көпсалалы аурухананың ескі ғимараты.
Елордада қабылдау-диагностикалық кешен жұмысын бастады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, перинаталдық орталықтың құрылысы басталған. Ал келесі жылы Есіл және Нұра аудандарында екі жаңа емхана, жаңа көпсалалы аурухана, сондай-ақ Есіл ауданында балалар травматологиялық корпусының құрылысы жоспарланып отыр.
Биыл медициналық ұйымдар үшін 276 бірлік заманауи медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Жедел жәрдем автопаркі толық жаңартылып, 100 пайыз қамтамасыз етілді. Сонымен қатар резидентурада оқыту үшін 72 грант бөлініп, 45 маман жұмысқа қабылданды.
Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында бес мемлекеттік мектепте стоматологиялық кабинеттер ашылды, ал №1 қалалық көпсалалы аурухана базасында балалар стоматологиясы жұмысын бастады. Бұдан бөлек, акушерлік-гинекологиялық көмектің сапасы мен жеделдігін арттыру үшін Ситуациялық орталық құрылды.



