Басты жаңалықҚоғам

Астана маңында экопарктер салу үшін бес аумақ ұсынылды

Бүгін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Астана қаласы мен оған іргелес өңірде экопарктер ұйымдастыру мәселесіне арналған кеңеске қатысты. Жиынға Астана әкімі Жеңіс Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сала мамандары да қатысты.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының 2025 жылғы 24 желтоқсанда Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмасын орындау аясында министрлік экопарктерді құру, дамыту және пайдалану бойынша ұсынымдық стандарттарды әзірлеп, оларды облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне жолдаған. Бұл құжаттар экопарктерді жоспарлау кезінде бірыңғай экологиялық талаптарды сақтауға бағытталған.

Экопарктер табиғи ландшафтарды барынша сақтай отырып, табиғатқа ең аз араласу қағидатымен құрылуы тиіс. Онда жергілікті өсімдіктерге басымдық беріліп, демалыс аймақтары экологиялық тұрғыдан қауіпсіз форматта ұйымдастырылады. Жаяу жүргінші жолдары, жарықтандыру, демалыс орындары мен санитарлық тораптар тек қажетті көлемде салынып, кейін тұрақты экологиялық мониторинг жүргізіледі. Бұл тәсіл қаланың ұзақ мерзімді тұрақты дамуына ықпал етпек.

Қазіргі уақытта министрлік Астана маңында экопарктер салуға болатын бес жер телімін ұсынып отыр. Атап айтқанда, Уркер елді мекенінен Қарқаралы тасжолына дейінгі айналма жол бойындағы веложол аумағы шамамен 200 гектарды құрайды. Қызылсуат ауылы маңында 124 гектар жер қарастырылған. Сондай-ақ Сарыоба көлі аумағында 259 гектар жер, Астана – Қорғалжын автожолы бойында 303 гектар және сол бағыттағы тағы бір аумақта 197 гектар жер экопаркке лайық деп танылған.

Айта кетейік, Астананың 2035 жылға дейінгі бекітілген Бас жоспарында қаланың жалпы аумағының жартысынан астамын көгалдандыру көзделген. Яғни 79,7 мың гектар аумақтың 42 мың гектары жасыл аймаққа айналуы тиіс. Бұл бастама елорда тұрғындары үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button