145 депутат Астанада бас қосады: Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтеді
Қазақстанның жаңа саяси институты – Құрылтайдың алғашқы сессиясы 28 тамызда Астанада өтеді. Жиын сағат 11:00-де басталады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 26 тамызда бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. Құжат сол күні күшіне енді.
Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтті. Оның қорытындысы бойынша бес саяси партия депутаттық мандаттарға ие болды. Мандаттар «Әділет» партиясына – 110, «Ауыл» партиясына – 10, «Respublica» партиясына – 9, «Ақ жол» демократиялық партиясына – 8 және Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға – 8 орыннан бөлінді. Осылайша Құрылтай құрамына 145 депутат кіреді.
Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі бес жыл. Ал алғашқы сессия жаңа құрамның жұмысын ресми түрде бастайтын маңызды саяси жиын болмақ.
Сессия барысында Құрылтайдың алдағы жұмысына қатысты негізгі мәселелер қаралып, жаңа органның қызметіне қатысты маңызды шешімдер қабылданады деп күтіледі.
Айта кетейік, алғашқы сессияны шақыру туралы шешім Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабының 2-тармағына сәйкес қабылданды.


