Жәрмеңкеге 600 тоннадан өнім келе жатыр: Оның ішінде не бар?
Елордада өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылатын жәрмеңкелер маусымы басталады. Алғашқы жәрмеңке 19-20 қыркүйек күндері Қызылорда және Атырау облыстарының қатысуымен өтеді.

Жәрмеңкеде тұрғындарға ет, балық, сүт өнімдері, күріш, бақша өнімдері және басқа да азық-түлік түрлері ұсынылады. Өнімдер тікелей тауар өндірушілерден жеткізіледі.
Қызылорда және Атырау облыстары Астанаға барлығы 600 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін әкеледі. Оның ішінде 260 тонна бақша өнімі, 220 тонна күріш, 65 тонна балық, 40 тонна ет және ет өнімдері, сондай-ақ 20 тоннадан астам басқа да азық-түлік бар.
Жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында, Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында өтеді.
Іс-шара 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Жәрмеңке өтетін күндері тұрғындарға ыңғайлы болу үшін №18, 37 және 303 автобус бағыттары қатынайды.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері 1 қарашаға дейін әр демалыс сайын, сенбі және жексенбі күндері ұйымдастырылады.



