Қоғам

Көршімен тату тұру үшін қандай ережелерді білу керек?

Шу, қоқыс, темекі: көршілер ережені бұзса, қайда шағымдануға болады?

Көпқабатты үйдегі көршілердің шулауы, подъезге қоқыс тастауы немесе ортақ аумақта темекі шегуі тұрғындар арасында жиі түсініспеушілік туғызады. Алайда мұндай жағдайлардың кейбірі жай ғана тұрмыстық дау емес, әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Мысалы, сағат 22:00-ден кейін шулағаны үшін 21 625 теңге айыппұл қарастырылған. Подъезге қоқыс тастау немесе оны ластау да осындай мөлшердегі айыппұлға әкелуі мүмкін.

Ал подъезді қоқыспен немесе заттармен жауып қою үшін 21 625 теңге айыппұл салынады. Ортақ аумақта темекі шеккен тұрғын 62 875 теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Подъезде алкоголь ішуге де тыйым салынады, бұл жағдайда айыппұл көлемі 21 625 теңге.

Үйдің ортақ аумағына жануарларын шығарып жіберген тұрғынға 43 250 теңге айыппұл қарастырылған.

Көршілерге балағат сөз айтып, тиісу немесе қоғамдық тәртіпті бұзу 86 500 теңге айыппұлға немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға әкелуі мүмкін. Ал өзгенің мүлкін қасақана бүлдірген жағдайда айыппұл 216 250 теңгеге дейін жетеді немесе 20 тәулікке дейін қамау қолданылуы мүмкін.

Қайда жүгінуге болады?

Қоғамдық тәртіп бұзылса, 102 нөміріне хабарласуға болады. Учаскелік полиция қызметкеріне де жүгінуге болады.

Үйдің ортақ мүлкіне, қоқысқа, аумақтың тазалығына немесе басқа да коммуналдық мәселелерге қатысты шағымдарды ОСИ немесе КСК-ға жолдауға болады.

Егер жағдай адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, 109 нөміріне хабарласу ұсынылады.

Мәселе қайталана берсе, «E-Өтініш» арқылы ресми өтініш беруге болады. Бұл ретте жағдайды растайтын фото немесе бейнематериалдарды тіркеп, өтініш нөмірін сақтап қойған жөн.

Мамандар көршімен мәселені алдымен бейбіт жолмен шешуге тырысуды ұсынады. Егер бұл көмектеспесе, құқық бұзушылықты фотоға немесе видеоға түсіріп, уақытын белгілеп, тиісті қызметке жүгінген дұрыс. Көршімен өз бетіңізше жанжалдасып, мәселені ушықтырудан аулақ болған жөн.

Айыппұл мөлшері 2026 жылғы 4 325 теңге көлеміндегі АЕК негізінде есептелген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button