Денсаулық

Қандай медициналық қызметтерді тегін алуға болады?

Қазақстанда медициналық көмек екі негізгі пакет аясында көрсетіледі: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС). Бұл екі пакет аясында азаматтарға жалпы саны 8666 медициналық қызмет түрін тегін алуға мүмкіндік бар.

ТМККК – Қазақстанда тұрақты тұратын барлық азаматтарға бюджет есебінен көрсетілетін базалық медициналық көмек. Оның құрамына жедел жәрдем, санитариялық авиация, әлеуметтік мәні бар аурулар кезіндегі медициналық көмек, сондай-ақ профилактикалық тексерулер мен скринингтер кіреді.

Ал МӘМС – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға арналған пакет. Яғни сақтандырылған азаматтар үшін медициналық қызметтер сақтандыру жарналары есебінен көрсетіледі.

МӘМС бойынша қандай талдауларды тегін тапсыруға болады?

МӘМС аясында бірқатар зертханалық және диагностикалық қызметтер қолжетімді. Олардың қатарында:

  • жалпы қан талдауы;
  • жалпы зәр талдауы;
  • копрограмма;
  • глюкоза;
  • холестерин;
  • билирубин;
  • АЛТ, АСТ;
  • креатинин;
  • мочевина;
  • темір;
  • жалпы ақуыз;
  • ферритин.

Сондай-ақ медициналық көрсеткіштер болған жағдайда гормондық зерттеулер – ТТГ, Т3, Т4, кортизол, инсулин және жыныстық гормондар, иммунологиялық зерттеулер, С-реактивті ақуыз, ревматоидты фактор сияқты талдаулар жүргізіледі.

Бұдан бөлек, МӘМС аясында УДЗ, рентген, ЭКГ, КТ және МРТ сияқты аспаптық диагностика түрлері де қолжетімді. Кей жағдайларда ПТР-диагностика және басқа да генетикалық зерттеулер жүргізілуі мүмкін.

Витаминдер деңгейін анықтауға арналған зерттеулердің ішінде D, B12 және C дәрумендерін тексеру де көрсетілген.

Скринингтер ТМККК пакетіне енгізілді

2025 жылғы тамыз-қыркүйек айларынан бастап онкологиялық және жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша бірқатар скринингтер МӘМС жүйесінен ТМККК пакетіне ауыстырылды. Осыған байланысты аталған тексерулер азаматтарға сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан қолжетімді болды.

Нақты медициналық қызметтің тегін көрсетілуі пациенттің медициналық көрсеткіштеріне және қызметтің тиісті пакетке жатуына байланысты. Сондықтан қажетті тексеру немесе талдау бойынша алдымен тіркелген емханадағы дәрігерге жүгінген жөн.

Басқа жаңалықтар

Back to top button