Денсаулық

Тұмау мен ЖРВИ өршіп тұр: ауруханада 220 бала ем қабылдауда

Астанада тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекцияларға (ЖРВИ) шалдыққандар саны маусымдық өсім көрсетіп отыр. Осыған байланысты елордадағы медициналық мекемелер күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, ауруханаларда қосымша төсек-орындар бөлінді.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы өткен брифингте елордалық ауруханаларда 313 науқас ем қабылдап жатқаны айтылды. Олардың 220-сы – балалар, 30-ы – жүкті әйелдер.

Сонымен қатар 2 569 тұрғын амбулаториялық ем қабылдауды бастаған. Олардың арасында 1 551 бала мен 20 жүкті әйел бар. Қалалық емханалардың бақылауында ЖРВИ белгілері бар 4 559 науқас тіркелген.

Емханалардың жұмыс уақыты ұзартылды

Науқастарға медициналық көмекті дер кезінде көрсету үшін елордадағы емханаларда арнайы сүзгі кабинеттері мен шұғыл көмек көрсету бөлмелері жұмыс істеп тұр. Мұнда тұмау және ЖРВИ белгілері бар тұрғындар басқа пациенттерден бөлек қабылданады.

Кабинеттердің жұмыс кестесі:

  • Жұмыс күндері – 08:00-ден 20:00-ге дейін;
  • Демалыс және мереке күндері – 08:00-ден 18:00-ге дейін.

143 мыңнан астам тұрғын тұмауға қарсы екпе алды

Елордада маусымдық тұмауға қарсы вакцинация жалғасуда. Ресми мәлімет бойынша, 143 619 адам екпе алған. Оның 29 592-сі – балалар, 114 027-сі – ересектер.

Мамандар тұрғындарға жеке гигиенаны сақтауға, бөлмелерді жиі желдетуге және науқас адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болуға кеңес береді.

Дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақ ауруы немесе әлсіздік байқалған жағдайда дәрігерге қаралу қажет. Әсіресе балалар мен жүкті әйелдерге өз бетінше ем қабылдамаған жөн.

Қаланың санитариялық-эпидемиологиялық қызметі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр

Басқа жаңалықтар

Back to top button