Қоғам

Әдемі қарттыққа ұмтылғандар: белсенді ұзақ өмір сүру орталығында пилатес үйірмесі ашылды

Қарттық — дүние есігін ашқандардың бәріне бірдей бұйыра бермейтін бақ, өмірдің алтын кезеңі. Бұл шақта денсаулықты сақтап, сергек болу үшін қозғалыс пен дене белсенділігі аса маңызды. Елімізде зейнеткерлердің күнделікті өмірін қызықты, пайдалы етуге арналған түрлі шаралар болғанымен, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының» ауқымы кең, орны ерекше.

Қазіргі уақытта Астанадағы орталықта 25 түрлі бағыт бойынша үйірмелер мен секциялар тұрақты түрде жұмыс істейді. Бүгінде елорда бойынша 17 мыңнан астам зейнеткер орталықтың қызметін тұрақты түрде пайдаланып келеді. Орталық Астана қаласының әкімдігінің жанынан ашылып, 2022 жылдан бастап құрметті демалысқа шыққан егде адамдардың қоғамнан шет қалмауы үшін жұмыс істейді.

2025 жылдың басынан бері 4 090 зейнеткер орталыққа тіркеліп, қызмет ала бастады. Зейнеткерлердің жас ерекшелігіне тоқталсақ: 70 жасқа дейін -10 598 адам, 70 пен 80 жас аралығында — 6 281 адам, ал 80 жастан жоғары -647 зейнеткер тіркелген. 2025 жылдың өзінде Орталық 13 721 зейнеткерге 444 216-дан астам әлеуметтік қызмет көрсетті. Қазіргі таңда күн сайын Орталықтың алты аудандық бөлімшесіне 2 500-ден астам адам келіп, белсенді өмір салтын жалғастыруда.

Зейнеткерлер өз қызығушылықтарына қарай 25-тен астам түрлі клубқа қатыса алады. Атап айтсақ: «Атадан балаға аманат», «Зияткерлік ойындар», «Speaking English», «Оқу және поэзия клубы», «Күміс еріктілер», «Хор және вокал», «Волейбол», «Үстел теннисі», «Гитарада ойнау», «Домбыра үйрену», «Домбыра оркестрі», «Караоке», «Кілем тоқу», «Ұршық иіру», «Салауатты өмір салты», «Компьютерлік сауаттылық», «Тіл шаңырағы», «Әжелер 80+», «Киім үлгілерін көрсету» және тағы басқа клубтар бар. Олар үшін жаттығу терапиясы, йога, цигун тыныс алу жаттығуы, айкүне, кунг-фу, би, скандинавиялық жүріс, арт терапиясы, еңбек терапиясы, ағылшын, қазақ тілдері, компьютерлік курстар, шахмат, тоғызқұмалақ, вокал үйірмелері де жұмыс істейді.

Орталыққа жақында сауықтыру бағытындағы жаңа қызмет түрін қосып, пилатес үйірмесін ұйымдастыруды қолға алды. Атап айтқанда, пилатес үйірмесі Алматы ауданында қыркүйек айынан бастап, ал Сарайшық ауданында қараша айынан бастап жүргізіле бастады. Үйірмені жүргізу үшін Орталықтың 3 спорттық нұсқаушысы арнайы дайындықтан өтті. Қазіргі уақытта Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 30-ға жуық зейнеткері пилатес сабағына тұрақты қатысып, өз денсаулықтарын жақсартып жатыр.

Бұл ең алдымен, зейнеткерлердің денсаулығы үшін маңызды. Егде жастағы адамдар үшін ең үлкен қауіптердің бірі – тепе-теңдікті жоғалтып, құлап қалу. Жаттығулар дұрыс тыныс алуға, тепе-теңдікті сақтауға, ең бастысы денеге ғана емес, көңіл-күйге де оң әсер етеді. Орталықтың басты мақсаты – егде жастағы азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне және олардың мәдени демалысын ұйымдастыруға жағдай жасау. Қазіргі таңда ең үлкен жастағы қызмет алушы 95 жаста. Әр қария бір мезгілде үш үйірмеге жазылып, үш ай көлемінде тегін қызмет ала алады.

Позитивті жақсы ой, сергек қимыл белсенді өмір сүру адамдардың өмірін ұзартады. Ол жалғыздықтан, күйзелістен құтқарады. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы осындай пайдалы ниеттен туған бастама.

Орталық филиалдары:

  • «Алматы» ауданы бойынша Р. Қошқарбаев көшесі 29/1 үйде,
  • «Байқоңыр» ауданы бойынша Абай көшесі 46 үйде,
  • «Есіл» ауданы бойынша Достық кешесі 13 үйде,
  • «Сарыарқа» ауданы бойынша Бейбітшілік көшесі 25 үйде,
  • «Нұра» ауданы бойынша Төлеби көшесі 44 үйде,
  • «Сарайшық» ауданы бойынша А.Байтұрсынов көшесі, 63 үйде орналасқан. Өзіңіз тұратын аудан бойынша мекенжайға барып, орталық жұмысымен толығырақ таныса аласыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button