Астанаға жыл сайын 100 мыңға жуық адам қоныс аударады

Елордада өмір сапасын арттыру мәселесіне арналған кеңейтілген кеңес өтті. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Кеңес Астана қаласының әкімдігінде ұйымдастырылды.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектың мәліметінше, 1 қарашадағы жағдай бойынша елорда халқының саны 1 622 245 адамға жеткен. Халық санының өсім қарқыны 6,12 пайызды құрайды. Жыл сайынғы көші-қон есебінен елордаға шамамен 100 мың адам келіп қоныстанады. Бұл өз кезегінде денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау жүйелеріне түсетін жүктемені арттырып отыр.
Денсаулық сақтау саласындағы ахуалға тоқталған бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев Астанада кадр тапшылығы әлі де сақталып отырғанын айтты. Әсіресе, перзентханаларға ерекше көңіл бөлу қажет. Соңғы 10 жылда елордада босану саны 45 пайызға артқан, бұл саладағы инфрақұрылым мен мамандарға деген сұранысты күшейтуде.
Астанадағы білім беру саласы да тұрақты демографиялық өсім жағдайында дамып келеді. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, қалада балалар саны жыл сайын 10–12 мыңға артып отыр.
Сонымен қатар елорда ірі академиялық орталық саналса да, кадр даярлау жүйесінде теңгерімсіздік бар. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, Астанадағы 13 жоғары оқу орнында 105 мыңнан астам студент білім алады. Алайда гуманитарлық мамандықтар бойынша артықшылық байқалғанымен, инженерлік, IT, медициналық және педагогикалық кадрларға сұраныс жоғары күйінде қалып отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың дерегіне сүйенсек, елордадағы экономикалық белсенді халық саны 750 мың адамнан асқан.
Кеңес қорытындысында Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева Астананың әлеуметтік дамуы демографиялық және көші-қон үдерістерін жан-жақты ескере отырып, кешенді әрі жүйелі шешімдерді талап ететінін атап өтті.



