Қоғам

Қай көшелерді айналып өтеміз: жол жөндеу жұмыстары басталды

Елордада жол-құрылыс жұмыстарының жаңа маусымы ресми түрде басталды. Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы хабарлауынша, биыл қала бойынша бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылады. Осыған байланысты көше-жол желісінің кей учаскелерінде уақытша шектеулер енгізіледі.

Ең алдымен, 4 сәуір мен 4 мамыр аралығында Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесі қиылысындағы көлік айрығында жол жабынына орташа жөндеу жүргізіледі. Бұл кезеңде көлік қозғалысы ішінара шектеледі.

Ал 5 сәуірден бастап Е68 көшесі (А. Бектұров көшесінен Төле би көшесіне дейін) толықтай жабылады. Мұнда құрылыс жұмыстары маусым айына дейін жалғасады.

Сондай-ақ, Б. Соқпақбаев көшесі (Ш. Бейсекова көшесінен К. Күмісбеков көшесіне дейін) учаскесінде де құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған бөлік 5 сәуірден қараша айына дейін толықтай жабық болады.

Қаладағы маңызды жобалардың бірі — Абайдың 150 жылдығы көшесі құрылысы. Жоба аясында Бейбарыс Сұлтан көшесі мен Сұлукөл көшесі аралығы 5 сәуірден 10 қазанға дейін көлік қозғалысына жабылады.

Бұдан бөлек, Кенесары көшесінде (А. Сембинов көшесінен Сарыарқа даңғылына дейін) орташа жөндеу жұмыстары 5–20 сәуір аралығында кезең-кезеңімен жүргізіледі. Еске сала кетейік, өткен жылы бұл көшенің басқа бөлігінде жөндеу жұмыстары атқарылған болатын.

Қазіргі таңда М. Тынышбаев көшесінде де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр — А. Байтұрсынов көшесінен Ж. Нәжімеденов көшесіне дейінгі аралық қамтылған.

Мамандардың айтуынша, толық жабылатын учаскелерде көлік қозғалысы баламалы бағыттар арқылы ұйымдастырылады. Осыған байланысты тұрғындар мен қала қонақтарына бағыттарын алдын ала жоспарлау ұсынылады.

Жақын уақытта жөндеу жұмыстары басталатын көшелер қатарында Ақан сері көшесі, Алаш тасжолы, Жаркент көшесі, Жанарыс көшесі және 489-көше бар. Бұл учаскелер бойынша нақты шектеу мерзімдері қосымша хабарланады.

Қала билігі уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрап, жүргізіліп жатқан жұмыстар жол сапасын жақсартуға және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button