Басты жаңалық

«Шідер»: еркіндік пе, әлде өзіміз салған тұсау ма?

Қазақ театрында бұрын қозғала қоймаған тақырып – барлау әлемі. Бірақ «Шідер» оны тек кәсіби қырынан емес, адамның ішкі трагедиясы арқылы ашады.

Астана сахнасында жаңа қойылым – «Шідер» көрерменге жол тартты. Детектив-драма жанрында қойылған бұл туынды қазақ театр кеңістігі үшін тың тақырыпты қозғайды. Барлау әлемі, мемлекет қауіпсіздігі, құпия қызмет – бұған дейін көбіне кино тілінде айтылып келген дүние енді театр сахнасына шықты. Бірақ «Шідердің» өзегі – тек барлау емес.

Қойылым оқиғасы Қосан мен Ақжанның тағдыры арқылы өрбиді. Бір дәуірдің балалары болған оларды Алматының ыстық көшелері табыстырса, уақыт пен тағдыр екіге айырады. Екеуі де – ел үшін қызмет еткен барлаушылар. Бірақ олардың ең үлкен құпиясы – бір-біріне деген сезімі.

Тарих пен тағдыр тоғысқан тұс

Қойылым тек екі адамның махаббат хикаясы емес. Бұл – тұтас бір кезеңнің көркем бейнесі. Сахнада қазақ қоғамының түрлі маңызды тарихи сәттері де көрініс табады: Желтоқсан оқиғасы, Семей ядролық полигоны мәселесі, Қазақстан тәуелсіздігінің жариялануы…

Бұл оқиғалар кейіпкерлердің жеке өмірінен бөлек емес, керісінше, сол тағдырдың ішінде өрбиді. Елдегі өзгерістер олардың шешіміне, таңдауларына әсер етеді. Ал шетелдегі барлау қызметі бұл драманы одан әрі күрделендіреді.

«Бұл – шідерге түскен махаббат»

Қойылым авторы Бақытжан Қаратегі үшін «Шідер» – тек атау емес, негізгі идея.

«Шідер тек аттың аяғына салынатын тұсау емес. Мұнда адамды ұстап тұрған ішкі шектеу бар. Кейіпкерлерім еркін болғысы келеді, сүйгісі келеді, бірақ Отан алдындағы борыш, берген ант пен жауапкершілік оларды шідерлейді».

Автордың айтуынша, бұл нақты бір адамның тарихы емес.

«Бұл – жиынтық оқиға. Қосан мен Ақжанның прототипі – махаббат. Шідерге түскен махаббат. Ал Қосан мен Ақжан бәріміздің бойымызда».

Оны барлау тақырыбына алып келген де – қарапайым сұрақ:

«Басқа елдерде барлау бар, ал бізде жоқ па? Осы ой мені осы тақырыпқа әкелді. Ал оған махаббат қосылғанда, оқиға тереңдей түседі».

Театрдағы жаңа кеңістік

Режиссер Әлібек Өмірбекұлы бұл қойылымды тек спектакль емес, жаңа бағыт ретінде қарастырады.

«Бұл тақырып біздің елде бұрын-соңды көтерілмеген. Тіпті ТМД кеңістігінде де барлау туралы драма кездеспейді десем болады. Бұл – драма, бірақ ішінде детектив, триллер элементтері бар».

Оның айтуынша, қазақ драматургиясы жаңа тақырыптарды игеруі керек:

«Әдебиет пен театр әртүрлі болуы керек. Әлемдегі барлық тақырыпты қамтитын деңгейге жетуіміз қажет. Ашылмаған дүниелер көп. Соның бәрін зерттеуіміз керек».

Шідер: тек махаббат емес

Қойылымдағы ең терең қабат – «шідер» ұғымының өзі.

Қазақ тұрмысында шідер – жылқыны ұзап кетпес үшін тұсап қою. Ол толық еркіндікті алып тастамайды, бірақ шектейді.

Режиссер бұл ұғымды кеңірек түсіндіреді:

«Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін біз өзімізді өзіміз шідерлеп қойдық. Ұлт, дін, түрлі қағидалар арқылы. Кейде адамның өзі жасаған шектеуі – ең үлкен тұсау».

Тағы бір қыры – махаббат:

«Адам ғашық болғанда да өзін өзі шідерлейді. Менің ойымша, біздің әрбір шешіміміз – тұсау. Ал еркіндік – иллюзия».

«Шідер» көрерменге жауап бермейді. Керісінше, сұрақ қояды:

Бізді шектеп тұрған не?

Қоғам ба, жүйе ме, әлде өз санамыз ба?

Еркіндік шынымен бар ма?

Мүмкін, әрқайсымыздың өмірімізде де бір көрінбейтін шідер бар шығар…

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button