Технология

Енді San Andreas емес, КИІЗ ҮЙДЕ ойнаймыз

18 жастағы жігіт ойлап тапқан SARDAR

Қазақстанда жас буын арасында технология мен креативтің жаңа толқыны қалыптасып келеді. Соның жарқын дәлелі – 18 жастағы НЗМ (НИШ) оқушысы Есбол Азан әзірлеп жатқан SARDAR атты ерекше ойын жобасы. Бұл – қазақ мәдениетін заманауи форматта танытуды мақсат еткен, жасанды интеллект элементтері енгізілген үшөлшемді (3D) нарративті ойын.

Идеяның тууы: бала арманнан – нақты жобаға

Есболдың айтуынша, SARDAR жобасының идеясы оның бала кездегі жеке тәжірибесінен бастау алған. Ол көп ойын ойнағанымен, қазақ тілі мен мәдениетін шынайы бейнелейтін жобаларды кездестірмеген. Осы олқылық оны өз ойын жасауға итермелеген.

2024 жылы ол геймдев бағытын арнайы таңдап, жобаны нөлден бастап қолға алады. Ешқандай дайын базаға сүйенбей, барлығын өз бетінше үйреніп, оқуымен қатар қатар алып жүрген. SARDAR – оның алғашқы толыққанды ойыны.

Ойынның басты ерекшелігі – «тірі» кейіпкерлер

SARDAR-ды өзге ойындардан ерекшелендіретін негізгі фактор – NPC (ойындағы кейіпкерлер) жүйесінің жасанды интеллект негізінде жұмыс істеуі. Көптеген дәстүрлі ойындарда кейіпкерлер алдын ала жазылған сценарий бойынша әрекет етеді. Ал бұл жобада әрбір кейіпкер ойыншымен еркін диалог құрып, оның әрекеттеріне байланысты өзгеріп отырады.

Бұл дегеніміз – әр ойыншы үшін тәжірибе мүлде бөлек болады. Ойын барысында қабылданған шешімдер кейіпкерлердің мінезіне, оқиға желісіне және жалпы атмосфераға әсер етеді.

Жанры мен мазмұны

SARDAR – 3D форматтағы нарративті бродилка. Ойынның негізгі сюжет желісі толық ойластырылған және соңына дейін жеткізіледі. Дегенмен, жоба әлі де даму үстінде болғандықтан, оқиға элементтері кезең-кезеңімен толықтырылып отырады.

Ойын үш тілде ұсынылады:

  • қазақ тілі
  • орыс тілі
  • ағылшын тілі

Ал болашақта басқа тілдерді қосу да жоспарланып отыр.

Халықаралық және республикалық жетістіктер

Жоба ресми түрде әлі шықпағанына қарамастан, SARDAR қазірдің өзінде бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткізді:

  • 2026 жылғы республикалық ғылыми жобалар конкурсында І орын
  • INFOMATRIX ASIA 2025 байқауында күміс медаль
  • Бірнеше стартап байқауларының жеңімпазы
  • «Tauelsizdik Urpaktary» гранты (1 млн теңгеге дейін)
  • Digital Bridge және Digital Almaty алаңдарында таныстырылымдар

Қазіргі уақытта Есбол жобаcымен Астанада өтіп жатқан Alem AI Battle финалында да қатысып жатыр.

Болашақ жоспарлар мен релиз

Бүгінде SARDAR-дың жұмыс істейтін прототипі дайын. Ойынның ресми релизі 2026 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Алғашқы кезеңде ол Steam платформасында шамамен 4900 теңге бағамен ұсынылады.

2027 жылы жоба мобильді платформаларға (Google Play және App Store) шығады. Бұл нұсқа тегін болады, бірақ ойын ішінде сатып алу және жазылым жүйесі енгізіледі.

Даму стратегиясы

Қазіргі таңда жобаның жалпы бюджеті шамамен 1 млн теңге көлеміндегі грант қаражаты мен жеке ресурстардан құралған. Алдағы уақытта Есбол:

  • командасын кеңейтуді
  • жобаны техникалық және визуалды тұрғыда жетілдіруді
  • толыққанды коммерциялық өнімге айналдыруды жоспарлап отыр

Қорытынды

SARDAR – жай ғана ойын емес, бұл ұлттық мәдениетті цифрлық кеңістікке жаңа деңгейде енгізуге бағытталған батыл қадам. Жас әзірлеушінің бұл жобасы Қазақстандағы геймдев индустриясының әлеуетін көрсетіп қана қоймай, қазақ тіліндегі контенттің дамуына да серпін беретіні анық.

Басқа жаңалықтар

Back to top button