Қоғам

Қолда таяқ, көңілде сергектік: елордалық зейнеткерлер жәйдән жәй жүрген жоқ

Елорда зейнеткерлері жай қарап отырған жоқ — олар белсенді өмірдің нағыз үлгісін көрсетіп жүр. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған скандинавиялық жүріс жарысы соның дәлелі болды.

Сарыарқа ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы қолға алған бұл бастама Орталық саябақта өтті. Таңғы самалмен бірге сергектікке толы шараға 60-тан астам зейнеткер жиналып, жас буынға дес бермейтін қайраттарын көрсетті.

Қатысушылар алдымен бой жазып, жаттығу жасап алған соң, бірден жарыс жолына шықты. Скандинавиялық жүріс барысында олардың әр қадамы жігерге толы, әр қозғалысы – салауатты өмір салтына деген адалдықтың белгісіндей көрінді.

Жарыс қорытындысында қатысушылар арнайы медальдармен марапатталды. Бірақ бұл додадағы ең үлкен жеңіс – марапат емес, сергектік, бірлік және өмірге деген құштарлық болды.

Расымен де, елорданың зейнеткерлері жай жүрген жоқ — олар қозғалыста, олар шабыт үстінде, олар өзгелерге үлгі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button