Астана маңындағы маңызды жол уақытша жабылады: жүргізушілерге ескерту

Астана іргесіндегі айналма жолдың бір бөлігі алдағы күндері көлік қозғалысы үшін уақытша жабылады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады.
3–13 мамыр аралығында Балқарағай демалыс аймағынан Павлодар бағытына шығатын жол учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы уақыт ішінде ұзындығы 8 шақырымды құрайтын аралықта көлік қозғалысы толықтай тоқтатылады.
Компания өкілдерінің мәліметінше, жөндеу барысында ескі жол жабыны алынып, оның орнына екі қабатты жаңа асфальтбетон төселеді. Жобаға 25 жол жұмысшысы мен 66 арнайы техника тартылған.
Дегенмен жүргізушілер үшін жақсы жаңалық та бар: төменгі және жоғарғы асфальт қабаттарын төсеу арасындағы технологиялық үзіліс кезінде жол уақытша қайта ашылады.
Мамандар жүргізушілерге бағыттарын алдын ала жоспарлап, балама жолдарды пайдалануға кеңес береді.



