Қоғам
Қазақстанда «етеккір салығын» алып тастауды ұсынып жатыр
ePetition.kz сайтында төсемелер, тампон және басқа да әйелдер гигиенасына арналған құралдарды ҚҚС-тан босату туралы петиция жарияланды.
Петиция авторы әйелдер гигиенасына арналған құралдар бірінші қажеттіліктегі тауарлар қатарына енуі керек деп есептейді.
Оның айтуынша, көптеген әйелдер гигиена құралдарын үнемдеуге мәжбүр, ал бұл денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін.
«Қазақстандағы әрбір қыз бен әйел сапалы жеке гигиена құралдарына қол жеткізе алуы керек», — делінген петиция мәтінінде.
Авторлар басқа елдердің тәжірибесін де мысалға келтірген. Мысалы, Ұлыбритания 2021 жылы әйелдер гигиенасына арналған құралдарға салынатын салықты алып тастаған.
Қазір петицияны билік қарауы үшін 50 мың қол жинау қажет.



