Әкенің қиялынан туған ертегі: «Алтыннан да қымбат достық» оқырманға жол тартты
Журналист Айбек Қосанның балаларға арналған «Алтыннан да қымбат достық» атты ертегі кітабы жарыққа шықты. Әдемі иллюстрациямен безендірілген туынды оқырманға достықтың, мейірім мен адамгершіліктің қадірін түсіндіреді.
Кітаптың жарыққа шығуына автордың тұңғыш қызы Айбике себеп болған. Айтуынша, ол күн сайын кешкі уақытта қызына түрлі ертегілер ойдан шығарып айтып беретін. Уақыт өте келе сол шағын әңгімелер жинақталып, бүгінде көпшілік оқитын кітапқа айналды.
«Әр ертегінің артында әкелік махаббат пен бала қиялын дамытуға деген ниет жатыр», – дейді автор.
Туындының суреттерін жас иллюстратор Аружан Қайратқызы салған. Кітаптағы көркем безендірулер ерекше жылы атмосфера сыйлап, ертегінің мазмұнын терең аша түседі. Иллюстрацияларының сапасы жоғары бағаланып, шығарма Еуропада өткен халықаралық байқауда жеңімпаз атанған.
Кітап редакторлары – Аяужан Рысұлқызы мен Еркебұлан Нұрекеш. Олар шығарманың балаларға түсінікті әрі әсерлі болуына ерекше мән берген.
«Алтыннан да қымбат достық» кітабы 700 данамен басылып шықты. Автордың айтуынша, сатылымнан түскен қаражат алдағы жаңа туындыларды жарыққа шығаруға жұмсалмақ. Ертегіні каспий дүкенінен тапсырыс беріп алуға болады. https://l.kaspi.kz/shop/GhguiygGsdkmjQP
Бұл кітап — жай ғана ертегі емес, әкенің балаға деген махаббатынан туған шынайы дүние. Балалардың қиялын байытып, мейірімділікке тәрбиелейтін туынды оқырман жүрегінен орын алары сөзсіз.



