Балаларға арналған тегін секциялар көбейеді

Елордада балалар инфрақұрылымын дамыту мен медицинаны жаңғырту мәселесіне арналған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Кездесуде басты назар балалардың денсаулығы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруға аударылды.
Қала билігі өскелең ұрпақтың дені сау, белсенді әрі жан-жақты дамуы үшін жаңа жобаларды қолға алмақ. Әсіресе ана мен баланы қорғау жүйесін күшейту, перинаталдық орталықтардағы қызмет сапасын арттыру және нәрестелер арасындағы аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Сонымен қатар, Астанада балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелердің санын көбейту жоспарланып отыр. Жауапты басқармалар үйірмелерді мектеп жүйесіне енгізіп, әр ауданның балаларына қолжетімді ету жолдарын қарастыруда.
Комиссия отырысында ерекше назар жасөспірімдер мен студенттердің бос уақытын тиімді өткізу мәселесіне ауды. Қалада жастардың қызығушылығын арттыратын заманауи шығармашылық және спорттық кеңістіктер ашу қажеттігі айтылды.
«Егер балаларға сабақтан тыс уақытта қызықты мүмкіндік ұсынбасақ, олардың уақытын көше мен гаджеттер алмастырады. Бізге есеп үшін өтетін құрғақ дәрістер емес, жастардың қабілетін ашатын тірі орта қажет», – деді комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан.
Басты мақсат – елорданың қарқынды дамып жатқан аудандарында бос уақыт орталықтарының тапшылығын жойып, әр баланың үйіне жақын жерде спортпен не шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау.



