Астанада «Төрт мезгіл» гүлзары ашылды

Елорданың Нұра ауданында жаңа қоғамдық кеңістік – «Төрт мезгіл» гүлзары пайдалануға берілді.
ЕК-13 көшесінде орналасқан нысан Астана қаласы әкімдігі мен BI Group компаниясының бірлескен жобасы ретінде жүзеге асырылды. Гүлзардың басты ерекшелігі – жыл бойы сәнін жоғалтпайтын жасыл аймақ қалыптастыру. Осы мақсатта мамандар аумаққа әр мезгілде гүлдеп, көркін келтіретін өсімдіктерді таңдаған.
Жаңа демалыс аймағында жөке, қарағай, шырша, емен, үйеңкі секілді 15-тен астам түрге жататын 400-ден астам ағаш отырғызылды. Сонымен қатар, 20-ға жуық түрден тұратын 14 мыңнан астам бұта егілген.
Гүлзарда жаяу жүргіншілер жолдары салынған, заманауи әткеншектер мен шахмат үстелдері орнатылған. Алдағы уақытта қосымша орындықтар қойылып, аумақ тұрғындардың жайлы демалысына толық бейімделмек.
Ашылу салтанаты мерекелік атмосферада өтті. Балалар үшін аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, түрлі байқаулар мен қызықты шаралар өткізілді. Кішкентай қонақтарға тәтті сыйлықтар мен естелік кәдесыйлар табысталды.
Жаңа гүлзар тұрғындардың серуендеп, бос уақытын тиімді өткізуіне арналған жайлы қоғамдық кеңістікке айналмақ. Мұндай жобалар қаланың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, отбасылық демалыс мәдениетін дамытуға да үлес қосады.



