Харассмент ұғымын заңмен бекітпек
Қазақстанда харассментке қатысты заң жобасы осы күзде Парламент қарауына ұсынылуы мүмкін.

Қазақстанда харассментке қатысты заң жобасын әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, құжат биыл күзде Парламент қарауына енгізілуі мүмкін.
Заң жобасында «харассмент» ұғымын заңнамалық деңгейде бекіту және жұмыс орнында мұндай жағдайлар орын алған кезде жұмыс берушінің жауапкершілігін белгілеу көзделген.
Қазіргі уақытта түзетулер кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер қауымдастықтарының қатысуымен талқыланып жатыр. Талқылау аяқталғаннан кейін құжат Парламентке жолданады.
Харассмент мәселесі Қазақстанда бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Алайда бүгінге дейін бұл ұғым заңнамада нақты бекітілмеген. Егер заң жобасы қабылданса, еңбек ұжымдарындағы даулы жағдайларды реттеуге және қызметкерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін нақтылауға мүмкіндік береді.



