Қоғам

Елорда қонақтарына арналған көлік карталары іске қосылды

Елордаға алғаш келген туристер үшін қоғамдық көлікпен қатынау бұрынғыдан да ыңғайлы бола түсті. Арнайы көлік карталарын әуежайдан сатып алуға болады.

Астана халықаралық әуежайында туристерге арналған арнайы көлік карталары қолжетімді болды. Жаңа сервис қала қонақтарына қоғамдық көлікті ешқандай қосымша тіркеусіз және мобильді қосымшаларды жүктемей пайдалануға мүмкіндік береді.

Туристерге 5, 10 және 15 сапарға арналған бірнеше карта түрі ұсынылады. Бұл әр қонаққа қалада болатын уақытына қарай өзіне ыңғайлы нұсқаны таңдауға мүмкіндік береді.

Жолақы Avtobys жүйесі арқылы төленеді. Сонымен қатар мобильді қосымшада маршрут құру қызметі қолжетімді. Ол қажетті бағытты таңдап, жол жүруді алдын ала жоспарлауға көмектеседі.

Халықаралық рейстердің келу аймағында туристік ақпараттық киоск жұмыс істейді. Онда қала қонақтары көрікті орындар, бағыттар және көлік карталарын пайдалану тәртібі туралы ақпарат ала алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button