Мемлекет есебінен шипажайға қалай баруға болады?
Астанада бірқатар санаттағы азаматтар мемлекет есебінен шипажайда ем қабылдай алады. Ал зейнеткерлерге жолдамалар едәуір жеңілдікпен ұсынылады.

Денсаулықты түзеп, тынығып қайтудың тағы бір мүмкіндігі бар. Елордада шипажайлық-курорттық ем алуға арналған жолдамалар бюджет қаражаты есебінен беріледі.
Астанада шипажайлық-курорттық ем алу бағдарламасы жұмыс істейді. Оның аясында кейбір азаматтар жолдаманы тегін алса, зейнеткерлерге құнының басым бөлігі мемлекет тарапынан төленеді.
Тегін жолдама Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жауынгерлік іс-қимыл ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға беріледі.
Ал зейнеткерлер үшін жолдама құнының 80%-ын мемлекет өтейді. Ең төменгі зейнетақы алатын азаматтар үшін бұл көрсеткіш 85%-ға дейін жетеді.
Емдеу негізінен Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы шипажайларда, соның ішінде Қатаркөлде ұйымдастырылады. Кей жағдайда «Балқаш» сауықтыру кешеніне де жолдама беріледі. Емдеу мерзімі – 14 күн.
Зейнеткерлер жолдаманы екі жылда бір рет, ал басқа жеңілдік санатындағы азаматтар жылына бір рет ала алады. Жол шығындары азаматтардың өз есебінен төленеді.
Өтінім беру birge.astana.kz порталы арқылы ЭЦҚ көмегімен онлайн жүзеге асырылады. Сондай-ақ «Жанұя» орталығына жүгінуге болады.
Тіркелу үшін жеке куәлік, өтініш және терапевттен алынған шипажайлық карта қажет.



