Астанада биыл қандай жаңа орындар ашылады? Толық тізім

Елордада биыл тұрғындардың жайлы өмір сүруіне арналған ауқымды абаттандыру жұмыстары жалғасады. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, 2026 жылы қала бойынша 173 қоғамдық және аула кеңістігіжаңартылып, олардың бірқатары тұрғындардың игілігіне беріліп үлгерген.
Жобалар қаланың барлық ауданын қамтиды. Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы даңғылы мен Қаныш Сәтбаев көшесінің аралығында бой көтеретін жаңа гүлзар. Мұнда жаяу жүргіншілер аймағы, заманауи жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, балаларға арналған ерекше «Айдаһар» ойын алаңысалынады.
Сонымен қатар, Ақбұлақ пен Есіл өзендерінің жағалауы жаңарып, жалпы ұзындығы 2,5 шақырымдық серуен аймағына айналады. Жоба аясында жаяу жүргіншілер көпірі, қауіпсіз жолдар және демалысқа арналған заманауи инфрақұрылым салынады.
Қаладағы басты көшелердің бірі – Бауыржан Момышұлы даңғылы да жаңа келбетке ие болады. Мұнда 915 түп ағаш отырғызылып, автоматтандырылған суару жүйесі орнатылады. Сондай-ақ веложол, кеңейтілген тротуарлар мен заманауи променад тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырмақ.
Бұдан бөлек, Рақымжан Қошқарбаев даңғылы абаттандырылып, көлік кептелісін азайту үшін оған балама жол салынады. Бұл жолдың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Елордада ірі жобалар да қатар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында ұзындығы 4 шақырымдық «Мыңжылдық» желілік саябағы, Greenline желекжолының екінші кезеңі және Кіші Талдыкөлдегі экопаркбар. Қазір экопарк аумағында көл түбін тереңдету, жағалауды нығайту және аумақты дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, соңғы бірнеше жылда Астанада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі жаңартылып, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасалды.



