Нұра бұрынғыдай емес: ауданда қандай өзгерістер болды?

Соңғы жылдары Астанадағы ең қарқынды дамып жатқан аудандардың бірі – Нұра. Мұнда жаңа тұрғын үйлер ғана емес, мектептер, балабақшалар, жолдар, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер қатар бой көтеріп жатыр. Қазір ауданның инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ондаған ірі жоба жүзеге асырылуда.
2025-2026 жылдары ауданда 200-ден астам әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер және тұрғын үй кешендері бар.
Нұра ауданындағы тұрғын алаптарды газдандыру жұмысы да аяқталуға жақын. Жалпы ұзындығы 170 шақырым газ желісі тартылып, шамамен 4900 абонент көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Көлік инфрақұрылымы да қарқынды дамуда. Қазір бірнеше маңызды көшеде жол құрылысы жүргізіліп жатыр. Соның бірі – Е-68 көшесінің А.Бектұров пен Төле би көшелері арасындағы бөлігі. Осыған байланысты аталған аумақта көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылған.
Сонымен бірге Төле би көшесін кеңейту және дамыту жұмыстары жалғасуда. Болашақта бұл көше ауданның негізгі көлік магистральдарының біріне айналады. Ал Шыңғыс Айтматов көшесінің ашылуы Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарындағы көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік берді.
Қайым Мұхамедханов көшесінде кварталішілік жолдар жаңартылып, әлеуметтік нысандарға апаратын кіреберістер мен жаяу жүргіншілер жолдары жөнделіп жатыр. Осындай жұмыстар Үркер тұрғын алабында да жүргізілуде.
Білім беру саласында да ауқымды өзгерістер бар. Қазір ауданда тоғыз жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның бірқатары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынуда.
2025-2026 оқу жылының басында бірден үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. Олар – «Жағалау» тұрғын алабындағы №110 мектеп, Sat City маңындағы №115 мектеп және Greenline тұрғын үй кешенінің жанында орналасқан №117 мектеп.
Алдағы жылдары тағы алты мектеп ашылады. Бұл қолданыстағы №71, №78 және №79 мектептердегі орын тапшылығын азайтуға көмектеседі.
2026 жылдың екінші жартысында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 800 орындық заманауи инклюзивті мектептің құрылысы басталады. Жоба толықтай қолжетімді орта талаптарына сай әзірленуде.
Мектепке дейінгі білім беру саласы да кеңейіп келеді. 2025 жылы 300 орындық №99 «Бүлдіршін» мемлекеттік балабақшасы ашылды. Ал 2030 жылға дейін ауданда тағы 11 балабақша салу жоспарланған.
Абаттандыру жұмыстары да қарқын алған. Өткен жылы Нұра ауданында 19 аула жаңартылды. Оның тоғызы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылып, тұрғындар өз аулаларының қандай болатынын өздері таңдады.
Үркер тұрғын алабында жаңа саябақ пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Самұрық Тауэрс» және Highvill Park 2 тұрғын үй кешендерінің маңындағы қоғамдық кеңістіктер көгалдандырылып, жаяу жүргіншілерге қолайлы аймақтар жасалды.
Жақын уақытта ауданда тағы жеті қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Оның бесеуі жеке инвесторлардың қаржысы есебінен іске асады.
Сондай-ақ «Ғарыш Сапары» кешенінің айналасы жаңартылып, аумаққа 1320 ағаш отырғызылды. Келесі кезеңде жаяу жүргіншілер жолдарының жабыны толық ауыстырылады.
Бұдан бөлек, «Памир» тұрғын үй кешенінің жанында жаңа саябақ салу жоспарланған.
Қазір Нұра ауданында 410 аула бар. Соның 362-сі толық абаттандырылған.
Жалпы, аудан бүгінде нүктелік құрылыстан бас тартып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған кварталдық даму қағидатына көшіп келеді. Бұл жаңа тұрғын аудандардың тек үйлермен ғана емес, мектеп, балабақша, жол, саябақ және қоғамдық кеңістіктермен бірге кешенді түрде дамуына мүмкіндік береді.



