Bereke Fest басталады: бір апта бойы тауарлар жеңілдікпен сатылады

Астанада 1-7 шілде аралығында Bereke Fest республикалық акциясы өтеді. Шара Республика күні мен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай ұйымдастырылып отыр.
Бір апта бойы елорда тұрғындары мен қала қонақтары ірі сауда желілерінен азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті басқа да тауарларды арнайы бағамен сатып ала алады. Бұл – Астана күні қарсаңында тиімді сауда жасап, отбасылық бюджетті үнемдеуге жақсы мүмкіндік.
Акцияға SMALL, Фермаг, Астықжан, Metro, Greenwich, Magnum, Вкус Март және Анвар сауда желілері қатысады. Дүкендерде ет және сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, кондитерлік өнімдер, сусындар, сондай-ақ тұрмысқа қажетті азық-түлікке жатпайтын тауарлардың кең таңдауы ұсынылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Bereke Fest акциясы тұрғындарды сапалы тауармен қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге, сауда саласын дамытуға және сатып алушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Сонымен қатар, бұл бастама ірі сауда желілері мен тұтынушыларды бір алаңда тоғыстырып, тиімді ұсыныстарды пайдалану мүмкіндігін береді.



