Қоғам

Жаңа үш зауыт: Астанада енді қандай өнімдер шығарылады?

Астана күні қарсаңында елорданың №1 Индустриялық паркінде үш жаңа өндіріс орны іске қосылды. Кәсіпорындар медициналық бұйымдар, жылу агрегаттары мен тазарту құрылыстарын шығарып, 150-ден астам жаңа жұмыс орнын ашты.

Астананың №1 Индустриялық паркінде қаланың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту аясында үш жаңа өндіріс орны пайдалануға берілді.

Жаңа кәсіпорындардың бірі – Heart Center Foundations зауыты. Мұнда пластикалық медициналық бұйымдар шығарылады. Жобаға 4,155 млрд теңге инвестиция тартылып, 54 жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіпорын жылына 12 миллионға жуық өнім өндіре алады.

Екінші жоба – Nomad Tech Engineering зауыты. Кәсіпорын жылу агрегаттарын өндіреді. Жобаға 2 млрд теңге инвестиция салынып, 40 адам жұмыспен қамтылды. Өндірістік қуаты – жылына 19 өнім.

Сондай-ақ полипропиленнен блокты-модульді тазарту құрылыстарын шығаратын TAZAU зауыты іске қосылды. Жобаға 510 млн теңге инвестиция құйылып, 60 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын жылына 200-ге жуық өнім шығаруға қауқарлы.

Жаңа өндірістердің іске қосылуы елорданың өңдеу өнеркәсібін дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button