Астана күні елордада 24 сәби дүниеге келді

Астана күні елорда үшін ерекше қуанышты жаңалықпен басталды. 6 шілде күні түнгі сағат 00:00-ден бастап қаладағы перзентханаларда 24 сәби өмір есігін ашты. Олардың 15-і – ұл, 9-ы – қыз.
Қалалық перинаталдық орталықта 7 нәресте дүниеге келді. Оның ішінде 4 ұл және 3 қыз бар. №2 көпбейінді қалалық ауруханада 9 сәби туған. Мұнда 8 ұл мен 1 қыз өмірге келсе, №3 көпбейінді қалалық ауруханада 8 нәресте дүниеге келіп, оның 3-і ұл, 5-і қыз болды.
Дәрігерлердің мәліметінше, барлық ана мен сәбилердің жағдайы жақсы. Олар дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, қажетті медициналық көмек пен күтімді алып жатыр.
Айта кетейік, жыл сайын Астана күні дүниеге келген сәбилер мерекенің ерекше символына айналып, қала тарихындағы айтулы күннің қуанышын еселей түседі.



