Қоғам

Бұрын бос жатқан аумақ заманауи спорт саябағына айналды

Астана күні қарсаңында елорданың «Алматы» ауданында тұрғындар үшін жаңа қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Бұған дейін бос жатқан аумақ бүгінде спортпен шұғылдануға және отбасылық демалысқа арналған заманауи саябаққа айналды.

Жаңа саябақтың ашылу салтанатында «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары Серәлі Тәжіханов тұрғындарды мерекемен құттықтап, жаңа нысанның халық игілігіне қызмет ететініне тоқталды.

«Бүгін тұрғындардың игілігіне жаңа қоғамдық кеңістік пен жаңғыртылған «Алма» саябағын ұсынып отырмыз. Бұл – аудан әкімдігі жүзеге асырып жатқан маңызды жобалардың бірі. Баршаңызды осы жайлы әрі қауіпсіз демалыс орнын күтіп ұстауға шақырамын», – деді ол.

Әкімдік мәліметінше, инвестордың қолдауымен толық абаттандырылған саябақта спорт пен белсенді демалысқа барлық жағдай жасалған. Мұнда workout алаңдары, ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары, баскетбол және волейбол алаңдары салынған. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлеріне де ерекше көңіл бөлініп, асық ату, арқан тарту, қол күрестіру және гір көтеруге арналған арнайы аймақтар жабдықталған.

Бұдан бөлек, саябақта үстел теннисі мен шахмат ойнауға арналған орындар, 8 тренажер, 2 workout алаңы, армрестлингке арналған 2 үстел және ұзындығы 300 метрлік жүгіру жолы бар. Жалпы аумақтың көлемі – 3 мың шаршы метр.

«Алматы» ауданы әкімдігінің абаттандыру бөлімінің басшысы Данияр Қожахметовтің айтуынша, жаңа қоғамдық кеңістікпен қатар көршілес орналасқан «Алма» саябағы да толық жаңғыртылып, балалар ойын алаңдары заманауи үлгіде қайта жасақталған.

Сондай-ақ биыл ауданда ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 28 аула жаңартылып, 8 саябақ күрделі жөндеуден өткен. Бұдан бөлек, Құдайбердіұлы даңғылындағы №23 және №36 үйлердің, сондай-ақ Қошқарбаев көшесіндегі №13 және №15 үйлердің арасында жаңа саябақ пайдалануға берілді.

Ал Бауыржан Момышұлы даңғылы мен Шарль де Голль көшесі бойындағы қоғамдық кеңістіктерді қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Екі жобаны да жаздың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Жаңа саябақтың ашылу рәсімі мерекелік көңіл күйде өтті. Балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, тұрғындар ауданның жаңа демалыс орнына айналған саябаққа ризашылықтарын білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button