Бейнекамералар қоқыс тастағандарды бірден анықтап жатыр
Астанада көшеге қоқыс тастау, темекі тұқылын лақтыру және абаттандыру қағидаларын бұзу деректері бейнебақылау камералары арқылы анықталып жатыр. Жыл басынан бері осындай құқық бұзушылықтар үшін 26 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Елорда полициясының мәліметінше, құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында күн сайын жүргізіледі. Бұл іске патрульдік полициямен қатар Жедел басқару орталығының тәулік бойы жұмыс істейтін интеллектуалды бейнебақылау жүйесі тартылған.
Жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған камералар көшелерді, саябақтарды, аулаларды және басқа да қоғамдық орындарды үздіксіз бақылап, қоқыс тастау фактілерін жедел анықтауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде құқық бұзушылардың жеке басы анықталып, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Мәселен, Шалкөде көшесінде 24 жастағы елорда тұрғыны темекі тұқылын жерге тастаған сәті камераға түсіп қалған. Оның әрекеті қоғамдық орынды ластау ретінде бағаланып, әкімшілік шара қолданылды.
Осындай тағы бір жағдай Тілендиев көшесінде тіркелді. Дәмханалардың бірінің маңында ер адам темекі тұқылын кәріз жүйесіне тастаған. Бейнебақылау камералары арқылы оның жеке басы анықталып, абаттандыру және санитарлық тазалық қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция тазалықты сақтау әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі екенін еске салады. Мамандардың айтуынша, темекі тұқылы немесе ұсақ қоқыс сияқты болмашы көрінетін әрекеттердің өзі қаланың тазалығына кері әсер етіп, қоғамдық тәртіп мәдениетін төмендетеді.
Осыған байланысты Астана қаласының Полиция департаменті тұрғындар мен қала қонақтарын қоғамдық орындарда тазалықты сақтап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды.



