Қоғам

Тағы бірнеше көше уақытша жабылады: жүргізушілерге маңызды ескерту

Астанада жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған байланысты елорданың бірнеше көшесі мен даңғылында көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Сығанақ көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты Қабанбай батыр даңғылынан «Қазақ радиосы» көшесіне дейінгі, сондай-ақ «Қазақ радиосы» көшесінен Сауран көшесіне дейінгі учаскелерде қозғалыс 25 шілдеге дейін толық жабылды.

Сонымен қатар Тұран даңғылында да жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты Қорғалжын тас жолынан «Тұлпар» көпіріне дейінгі аралықта көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта Ақан сері көшесі, Алаш тас жолы, Жаркент көшесі, Жанарыс көшесі және 489-көшеде де жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аталған учаскелердегі қозғалысқа қойылатын шектеулердің нақты мерзімі қосымша хабарланады.

Әкімдік жүргізушілерге жолға шығар алдында бағытын алдын ала жоспарлауға, кептелістерді ескеруге және уақытша орнатылған жол белгілері мен көрсеткіштерді қатаң сақтауға кеңес береді.

Жол жөндеу жұмыстары көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру және жол жабынының сапасын жақсарту мақсатында жүргізіліп жатыр. Жөндеу аяқталғаннан кейін аталған көшелерде қозғалыс қалыпты режимде қайта ашылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button