Қою түтін, ондаған техника: Астанадағы қоқыс полигонында өрт шықты

Байқоңыр ауданында, Алаш тас жолының бойында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында өрт шықты. Қазіргі уақытта оқиға орнында өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖМ бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылған. Өртті сөндіруге 100-ге жуық жеке құрам мен 47 бірлік арнайы техника тартылған.
Мамандардың айтуынша, өртті сөндіру жұмыстары қоқыс қалдықтарының жану ерекшелігі мен қою түтінге байланысты күрделене түскен. Соған қарамастан, өрт сөндірушілер жалынның таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта жағдай толық бақылауда. Өрттің аумағы мен шығу себебі әзірге нақтыланбаған. Сондай-ақ зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Құтқарушылар өрт толық сөндірілгенге дейін жұмыстарды үздіксіз жалғастырады. Қосымша мәліметтер ресми органдар тарапынан жарияланатын болады.



