Құрылтай сайлауына 34,3 млрд теңге бөлінді
Қазақстан Үкіметі 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйымдастыруға 34,3 млрд теңге бөлді. Қаражат Үкіметтің резервінен қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының 23 тамызға белгіленген сайлауын ұйымдастыру және өткізу үшін Үкімет резервінен 34,3 млрд теңге бөлінді.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, сайлау Конституциялық заңның «Сайлау туралы» талаптарына сәйкес республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Қаражат бөлу туралы шешім Үкіметтің 2026 жылғы 9 шілдедегі №593 қаулысымен бекітілген.
Оның сөзінше, қаржы Үкімет резервінен бөлінген. Себебі республикалық бюджет өткен жылы қабылданған кезде бұл сайлауды өткізу жоспарланбаған.
Еске салайық, жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді. Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанының күнтізбелік жоспарын бекітіп, сайлауға жеті саяси партияны жіберді. Қазіргі таңда 145 депутаттық орынға 546 кандидат үміткер болып отыр.



