Жеңіс Қасымбек: 2035 жылға дейін елордада 140-қа жуық мектеп ашылады
Астанада 2035 жылға дейін 140-қа жуық жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек айтып, білім беру инфрақұрылымын дамыту педагог кадрларын даярлаумен қатар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Астананың Бас жоспарына сәйкес, 2035 жылға дейін қалада 140-қа жуық жаңа мектеп салу көзделген. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа оқу жылында 12 білім беру ұйымы пайдалануға беріледі. Соңғы бірнеше жылда елордада 44 мектеп салынып, қолданыстағы мектептердегі орын тапшылығын азайтуға және ондаған мың жаңа оқушы орнының ашылуына мүмкіндік берді.
Сонымен қатар педагог кадрларын даярлауға да ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары педагогикалық мамандықтарға 1,5 мыңға жуық грант бөлінген. Қазір қала әкімдігінің грантымен 2 мыңға жуық студент білім алуда. Соңғы үш жылда 1 314 түлек оқуын аяқтады.
Сондай-ақ Гуманитарлық колледж базасында Педагогикалық институт құрылып, бүгінде онда 4 611 студент 36 білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатыр.
Әкімнің айтуынша, қазірдің өзінде 2027 жылы салынатын мектептердің жобалық және қала құрылысына қатысты құжаттары дайындалып жатыр.



